Шымкентте 200-ден астам қатысушы «Елбасы медалімен» марапатталды

24.12.21 15:20 36
here is a new's image

Бүгін Шымкентте «Елбасы медалі» жастар бағдарламасының қатысушылары марапатталды. Салтанатты жиында 214 қатысушы медаль иесі атанды.

Іс-шара Қазақстан жастарының Конгресі және "Елбасы Академиясы" КҚ, Шымкент қаласы Дарын орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Биыл «Елбасы медалі» жастар бағдарламасына Қазақстан бойынша 10 000-нан астам адам қатысуға өтініш берген. Оның ішінде Шымкент қаласы бойынша 1050 үміткер бағдарлама қатысушылары.

Жоба барысында қатысушылар спорт, кітап оқу, еріктілік және дарын мен дағды қалыптастыру секілді 7 бағыт бойынша өздерін дамытып, шеберліктерін жетілдірді. Қатысушыларға тәлімгерлер күнделікті тапсырма беріп, оның орындалуын бақылап отырған. Нәтижесінде бүгін өздерін бірнеше ай әр түрлі бағытта сынаған 214 қатысушы медаль иегері атанды. Медаль иегерлерін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Мәслихат хатшысы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті ректоры Гүлжан Дәулетбекқызы Сүгірбаева, Шымкент қаласы Дарын орталығы директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Раушан Джеренова  және Арман Оспанов, Жазира Жаппарқұл, Дархан Асадилов сынды еліміздің спорт майталмандары марапаттады.

Ұлттық деңгейдегі бірегей бағдарлама өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуын көздейді. Бұл бағдарлама қатысушыларға өз қабілеттері мен таланттарын ашуға көмектеседі.

- «Осы челленджге қатыса отырып, мен өзімді жетілдіріп қана қоймай, мүддесі мен мақсаты ортақ бар жаңа достар таптым. Ең алдымен, бағдарлама  өзіммен күресуге және өзімді жеңе білуге үйретті. Мен күн сайын физикалық жағдайымды жақсартып, дағдыларымды дамыттым, айналамдағыларға барынша көмек бердім. Бастысы өзімше әрекет етуді үйрендім. Маған аталған бағдарлама қызықты әрі ұмытылмас тәжірибе сыйлады», - дейді қола медальдің жеңімпазы Арай Қыдырбай.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2019 жылы белсенді, креативті және талантты жастарды қолдау бойынша "Еl Úmiti" бастамасын ұсынған болатын.