Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған үздік рэп-орындаудың жеңімпаздары анықталды

18.11.21 19:36 41
here is a new's image

Бүгінде көптеген рэперлер елдің мәселесін қаузап, жұрт жағдайын жырларына қосады. «Елбасы Академиясы» Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай үздік рэп-орындауға онлайн-байқау жариялады. 

Қатысушылар біріншілікке 250, екіншіге 150, үшінші орынға 100 мың теңгені бөліске салды. Онда бәріне берілген тақырып ортақ. 

«Елбасы медалі» жобасының үйлестірушісі Алина Ақылбекова: 

«Қатысушылардың шығармалары тәуелсіздікке, Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне арналды. Жарысқа 160-қа жуық адам қатысып, оның 49-ы жартылай финалға жолдама алған болатын. Солардың арасынан тек 3 жеңімпаз анықталды. 

Бас жүлде Шығыс Қазақстан облысының тумасы – Нұрболат Жайдарға бұйырған. Нұрболат әлі мектеп оқушысы. Сонымен қатар, соңғы екі жылда музыкамен айналысады, битмейкер», - деді ол. 

Рэпер Нұрболат Жайдар: «Бұл конкурсқа дайындаған рэпімнің минусовкасынан яғни битінен басқасының бәрін түгел өзім жасадым. Мәтін, әуенді жазу, аранжировка, сведениені толықтай өзім жасадым. 

Бейнероликті түсіру кезінде Өскемен бірден суытып кетті. Одан бөлек бұл менің алғашқы ірі жобам. Әнді өңдеу де оңай болмады. 250 мың теңге ұттым. Қаражаттың үштен екі бөлігін ата-анама берем. Ал қалған бөлігін өзімнің үйімдегі кішігірім студиямды дамытуға жұмсаймын. Гитара аламын. Клавиатура аламын және де осы музыкаға қажетті құралдарды алатын боламын”. 

Екінші орын Қуаныш Шалқаров есімді әскери қызметтегі азаматқа бұйырса, үштікті – Дильназ Жанұзақова түйіндейді. Атыраулық ару жарысқа бар ынтасымен дайындалған.

Рэпер Дильназ Жанұзақова байқауға дайындалуға бір апта уақыт кеткенін айтты. Рэп-байқаудан орын алуды мақсат тұтпағанын, жеңіске жеткенін естігенде қатты қуанғанын жасырмады. 

 «Үшінші орын алғандықтан, жүлде қорым 100 мыңды құрайды. Ең алдымен сол қаражатты ата-анаммен бөлісемін. Өзім қатты ұнатып, алғым келіп жүрген микрофонды алғым келеді», - деді Дильназ Жанұзақова. 

Айта кетейік, өнерпаздарға баға берген әділ-қазылардың арасында танымал рэпер Нурик Смит бар.