Алматы мен Шымкент қалаларында «Елбасы медалінің» ағаштар аллеясы ашылды

23.11.21 15:49 46
here is a new's image

Сая іздесең, ағаш ек. ҚР Тұңғыш Президент күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы мен Шымкент қаласында "Елбасы медалі" бағдарламасының жастары ағаш отырғызып, «Елбасы медалі» бағдарламасы қатысушыларының  аллеясын ашты.

Аталған шараның мақсаты – бағдарламаға  қатысып жатқан жастарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, еңбекке баулуға, туған жерді қастерлеуді үйрету.

"Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген сөзді жадында ұстаған жастар қаланы көгалдандыру мен абаттандыру ісіне үлес қосып, табиғатқа жанашырлықпен қарап, қамқорлық танытты. Жұмыла кіріскен іс – жемісті жетістік. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр өз өміршеңдігін жойған емес. «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу — маңызды істердің бірі. 

7 бағыттан тұратын бағдарламаның бір бағыты - еріктілік. Айтулы іс-шарадан кейін Алматы қаласының қатысушылары осы бағыт бойынша ашылған аллеяның ағаштарына күтім жасап, алдағы уақытта тазалығына жауапты болмақ.

Аталған іс-шара серіктестері: «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ, «Алматы дарыны» орталығы, Алматы қаласының Экология департаменті, Іле Алатау ұлттық табиғи паркі, Алатау ауданы әкімдігі.

«Елбасы медалі» бағдарламасының тәлімгері Шұғыла Бөрлібай: «Жобаға қатысушылардың ұсынысымен ағаш отырғызып, аллеяны ашып жатырмыз. Бұл жер жастардың басын қосатын орта болғалы тұр. Дәл осы отырғызылып жатқан ағаштар талға, жайқалған баққа айналатынына сенеміз», -деді.