ЕЛБАСЫ АКАДЕМИЯСЫ СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ДЕБАТ ТУРНИРІН ӨТКІЗЕДІ

19.10.21 16:35 63
here is a new's image

5-6 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай студенттер арасында Ұлттық дебат турнирі өтеді. Ұйымдастырушылар – «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры мен «Ұлттық пікірталас федерациясы» ҚБ. Олар бүгін, 2021 жылғы 20 қазанда турнирді өткізу туралы шартқа қол қойды.

Турнирге облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы өңірлік пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары қатысады. Іріктеу турларында колледж бен университет студенттері (бакалавр және магистр) бақ сынайды.

Пікірсайыс американдық парламенттік және Линкольн-Дуглас форматтарында өтеді.

«Елбасы Академиясының» басқарушы директоры Мұрат Жұманбайдың айтуынша, жастар – біздің еліміздің ертеңі, еліміз бен қоғамымыздың даму бағыты жастардың көзқарасына, ұмтылысы мен амбициясына байланысты. «Академия қолға алған бұл бастама соңғы уақытта мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі қолдау таппаған Қазақстанның бүкіл дебаттық қозғалысының дамуына елеулі серпін береді», – деді Басқарушы директор.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін, биыл 23 қыркүйекте Елбасы Академиясы мектеп оқушылары арасында Ұлттық пікірсайыс турнирін ұйымдастыру туралы келісімге қол қойған болатын. Турнирдің серіктесі – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы.

Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Болат Бұхарбай: «Алдымызда өткелі отырған пікірсайыс турнирі Елбасы Академиясымен бірлесіп ұйымдастырылған алғашқы турнир емес. Әрине, пікірталас қозғалысы – үлкен өмір мектебі, өзіміз сол мектепте шыңдалдық. Бұл қозғалыс әлемдік деңгейдегі көптеген саясаткер мен спикерді тәрбиеледі. Сондықтан белсенді жастардың бастамасын қолдау өте маңызды. Ұлттық пікірсайыс турнирі жоғары деңгейде өтеді және барша пікірсайысшылардың көңілінен шығады деп сенемін», – деді.

Турнир барысында қатысушылар арасында іс-шара туралы әлеуметтік желіде ең үздік жарияланым жазу үшін конкурс ұйымдастырылып, жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады. Іс-шараның бәрі санитарлық және эпидемиологиялық норма талаптарына сәйкес өткізіледі.