ЕЛБАСЫ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ BIRGE OQÝ ОНЛАЙН-МЕКТЕБІ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ОҚЫТУДАҒЫ ЖАҢА ФОРМАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШЫ

20.05.21 09:39 1699
here is a new's image

Конференция барысында «Елбасы Академиясы» КҚ спикерлері Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Елбасының «Ел Үміті» бастамасы аясында Қазақстанда алғаш рет  жүзеге асқан Birge oqý онлайн-мектебі туралы айтып берді. Биыл онлайн-мектепте бір жарым мыңға жуық дарынды оқушылар білім алды. Олар шалғайдағы ауыл мектептерінен «Мың бала» Ұлттық олимпиадасы арқылы іріктелді.

«Жоба балалар мен жастардың «қала-ауыл» бөлінісіндегі білім беру-ақпараттық теңсіздігін қысқарту мақсатында іске қосылды. Birge oqý онлайн мектебінің оқушылары сапалы цифрлық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізіп, еліміздің жетекші педагогтарынан білім алу мүмкіндігіне ие болды», - деп хабарлады «Елбасы Академиясы»  КҚ басқарушы директоры Әнуар Жанғозин.

Жобада Қазақстанның ең білікті ұстаздары  дәріс оқиды: бұл НЗМ, РФММ, астаналық лицейлер мен халықаралық мектептердің 60-тан астам оқытушысы.

Мектеп оқушылары 48 сынып бойынша бөлініп, сабақтар синхронды және асинхронды режимде өткізіледі. 2021 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында 2246 сағат онлайн сабақ өткізілді. Онлайн сабақтарға қатысу мониторингін оқушыларға консультациялық-техникалық қолдау көрсететін 14 тьютор жүргізеді. Оқушылардың синхронды форматтағы үлгерімінің орташа көрсеткіші 82%-ды құраса, ал платформадағы оқушылардың белсенділік көрсеткіші барлық кезеңде 99,84%.  

Мектепте алтыншы және жетінші сынып оқушылары оқи алады, өйткені дәл осы кезеңде олардың пәндік білімге құштарлығы артады. Жоба жұмысына қазақстандық және шетелдік сарапшылар, оның ішінде мұғалімдер мен ата-аналар қатысты.

Онлайн-мектептің пилоттық жылдағы тәжірибесіне сүйенсек,  онлайн форматта оқыту көптеген жағынан тиімді болғанын көрсетті. Орташа алғанда, оқушылар дәстүрлі мектепте сабақ тақырыбын 8-10%-ға,  ал онлайн режим оқу кезінде материалды 25-60% - ға игереді. Бұл негізінен ғаламторда білім  алудың жедел болатынын, электронды оқытудың дәстүрлі форматтағы оқуға қарағанда 40-60%-ға аз уақыт жұмсалатындығымен  байланысты. Оқушылар қарқынына қарай өздері таңдаған бөлімдерді қайталауға, өткізіп жіберіп, қайтадан оралып оқуға мүмкіндігі бар.  

«Жақын арада біз 10-11 сынып оқушыларын оқыту мақсатында контентті кеңейтуді жоспарлап отырмыз, сондай-ақ өңірлермен оқушыларды көптеп тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге, онлайн мектепте тек ауыл оқушылары ғана емес, қала оқушылары да оқи алады.  Олар қала  шетінде орналасқан мектептерде оқып жатқандар немесе оқу барысында қиындықтарға кезіккендер болуы мүмкін. Жалпы, біз жаңа оқу жылынан бастап 10 мыңнан астам оқушыны, яғни әр өңірден орта есеппен 600 баланы қамтуға дайынбыз», - деді Әнуар Жанғозин.

Конференция қорытындысы бойынша, қатысушылар пандемия қашықтан оқытудың дамуына қуатты серпін беріп, білім берудегі цифрлық трансформацияны жеделдетті деген тоқтамға келді. Нәтижесінде жас қазақстандықтар сапалы білім алу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болды.